Білікті ұстаз – мектеп мақтанышы

Қазақтың көрнекті жазушысы Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген болатын. Рас, дүниедегі мамандық атаулының төресі ұстаздық десе де болады. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иелерін тәрбиелейтін, оқытып, үйрететін мейірімді жандар. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ.

Осындай қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің бойына бар асыл қасиеттерді ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен білімпаздықты жия білген білікті мамандар Бәйдібек ауданында да көптеп саналады. Аудандағы білім бәйгесінде мерейін асырып, талай-талай белестерді бағындырып жүрген Садық Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздары үздіктер қатарында.

Заманауи үлгіде бой көтерген білім ұясында ұстаз бен бала үшін жанға қажеттінің бәрі бар. Бар  болғаны мұғалім өз жұмысын атқарып, оқушы оқыса жетіп жатыр. Мұндай мүмкіндіктерге жолы ашып отырған білім ұясының директоры Қалзат Апекова, мектеп директорының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлары Нұршат Арынбекова мен Гүлмира Төрехановалардың да білім саласына сіңірген еңбектері орасан.

Аталмыш мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Байдуашованың да шәкірттері білім жолында ұстаз еңбегінің, ата-ананың үмітін ақтап жүр. Сандуғаш  Егенқызы оқыту әдістемесін жоғары деңгейде меңгерген, кәсіби біліктілігін арттырумен қатар талай жетістіктерге жетіп жүрген ұлағатты ұстаз. 28 жыл бойы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан маман 1-ші санатты педагог-зерттеуші.

 
 
Бүгінде 3«В» сыныбына жетекшілік етіп, оқушыларын жан-жақты, өнерлі әрі ізденімпаз болуға үйретіп жүрген ұстаз әр шәкіртін тұлға ретінде көріп, олармен еркін жұмыс жасауға тырысады.
Сыныптағы 20 ұл-қызды өз перзентінен кем көрмей, әрбірінің жеке әлемін түсініп, тілін табуға күш салу, балалардың ата-аналарымен де түсіністікпен қарым-қатынас орнатып жүргені ол кісінің біліктілігі мен еңбегіне адалдығынан деуге әбден болады.

– Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Өз іс-тәжірибемде күн сайын білім берудегі жаңаша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасаймын. Мұғалім деген ардақты атты арқалап жүргеніме өзімді бақытты санаймын, – дейді Сандуғаш апай.

Міне, осының нәтижесінде сыныпта спортшы, әнші, биші, суретші тағы басқа түрлі мамандықты серік еткісі келетін балақайлар өсіп келеді. Оқушылары пәндік олимпиадаларда көптеген мектепішілік, аудандық сайыстарда топ жарып жүрсе, Сандуғаш Егенқызы да білім жетілдіру курстарынан өтіп, біліктілік деңгейін жаңартып отырады. Ұстаздың адал еңбекпен жеткен жетістіктері де аз емес. Бірнеше рет іс-тәжірибесі аудандық, облыстық семинарларда қорғалып, тәжірибе ретінде таратылған. Әр кезеңдегі аудан әкімдерінен, аудандық мәслихат, білім бөлімі, облыстық білім басқармаларынан алған Мадақтама қағаздары мен Алғыс хаттары қиын да қызығы мол жұмысының бағаланғанын айғақтайды. 

Жүрегі шәкірт деп соққан ұстаз -- отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ардақты ана. Өзі білім беретін мектепке келген әрбір жас маманның ақылшысы, жол сілтейтін бағдаршамы іспетті. Осындай жүрегі мейірім мен жылылыққа толы, бала бойын білім нәрімен сусындатып, ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды ұштастыра білетін нағыз маман иелерінің қатары көбейсін демекпіз.

Д.МЕДЕУОВА.