ЦИРК ДЕГЕН БІР СИҚЫР

 Биыл қазақ циркіне елу жыл толып отыр екен. Жарты ғасыр бойы қазақтың төл өнері болмаса да жүректен орын алып үлгерген бұл өнер елімізде құрметті мамандыққа айналып келеді. Құралайды көзге атқан мергендер, түйе палуандар, желмен жарысқан желаяқтар, ол аз десеңіз, Парижде ұлы палуан Қажымұқанның шойын жолды мойынына галстукше байлап әлемді мойындатқанына тарих куә. Осыдан-ақ сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бар секілді дерсің?! Тағы бұған қазақтың саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрін қосыңыз...

Жалпы «Цирк» дегенді естісек, көз алдымызға өз ойын қызықты іс-әрекеттермен жеткізіп, көпшіліктің езуіне күлкі үйіретін, тіпті қыран-топан күлкіге қалдырып, ішекті түйілдірер сайқымазақтар елестейтіні рас. Сіз көрермендерін күлкіге батыратын әртістерден басқа циркте қандай жанрлар кездесетінін білесіз бе? Соңғы рет циркке қашан бардыңыз?! Мінеки, біздің бүгінгі тақырып осы цирк турасында өрбімек.

Киелі Бәйдібек ауданы туралы кемеңгер жазушы М.Әуезов «Шаянға барсаң әншімін деме...» деп құрметтесе, әкімі жиі ауыса бергенінен болар, ел аузында «әкімдер дайындайтын өңір» деген әзіл лезде тарап кеткен еді.

Сонымен әнші, әкімдер көп шығатын өңірден бұдан кейін цирк өнерпаздары да көп таныла бастайтын болды. Себебі Бәйдібектің өз циркі бар. Алты жылға жуық уақыттан бері талай жетістіктерге де жетті. Осыдан екі-үш жыл шамасында осы цирктің ең жас өнерпазы Ерасыл көптің сүйкіміне бөленіп, бірқатар байқауларда бас жүлдені жеңіп алғанын баспасөз беттері жарыса жазған да болатын.

Аудан орталығынан 20 шақырым шалғайда жатқан Шақпақ елдімекенінде «Балауса» цирк үйірмесі жұмыс бастағанына алты жылға жуықтапты. Бауыржан Бекберген жетекшілік еткен ұжымның ауыл орталығында арнайы залы бар. Аудан әкімшілігінің қолдауымен 2013-2015 жыл аралығында ауылдағы ескі спорт залы жаңартылып, іске қосылыпты. Қазір оншақты ер бала цирктің түрлі жанры бойынша  осында үйреніп жатса, мұнда гимнасшы қыздар да өнерді серік етіп келеді екен.

– Менің ұстазым, ауылдағы цирктің негізін қалаушы Жандарбек Шекербеков деген ағамыз еді. Есімі аудан, облысқа танымал талантты әртіс, акробат, ұлағатты ұстаз болды. Адамдық қасиетінің өзі менің сол кісіге еліктеп, әртіс болуыма қанат бітірді. Жандарбек ағамыз жоғары оқу орнын цирк жанрында тауыспаса да қазақ цирк өнерінің дамуына қанша күш салды. Көптеген халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда топ жарды. Талай шәкірттің ерекше өнерді үйренуіне ықпал етті. Сондай үлкен еңбектің нәтижесінде ауылда «Балауса» атты балалар циркі құрылып, үйірме жұмыс жасай бастады.

Бала күнгі тәтті қиялымды жүзеге асыру мақсатында Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің табалдырығын имене аттап, студент атандым. Бұл 1998 жыл болатын. Бала кезде талай рет теледидардан әлемнің үздік сахналарында өнер көрсеткен әртістерді көріп, менің де бағындырар шыңым болады әлі деген үмітім алға жетелей берді. Шаршауды білмедім, жас болып қыдырмадым. Үнемі жаттығу залынан шықпай, өзімді қамшылай бердім. Соның нәтижесі көп өтпей-ақ байқалды. Жоғары курс студенттері жасайтын тәсілдерді мен 1-курста мүдірместен орындап шығып, Италия еліне гастрольге шығуға мүмкіндік алдым. Әрине, қасымда әріптестерім болды. Италияны көрудің өзі маған үлкен әсер етсе, онда өнер көрсетуім сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімге бөледі. Сонда өзімді цирк сахнасына арналып жаратылғанымды түсіндім. Бұл сапар менің деңгейімді өсірді. Италияда 6 ай болып, бірнеше қаласында өнерімізді көрсетіп, ыстық қошеметке бөлендік. Италиядан кейін Түркия, Италия, Франция, Қытай секілді алып елдердің цирк ареналарында да өнер көрсету де бұйырды. Бұл елдің әртістерінен білмегенімізді үйрендік. Жарты жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты, - дейді Бауыржан Бекберген мырза.

Бауыржан қызыл дипломды қолына алған соң, Алматы қаласындағы циркте қызмет етеді. Кейін Алатау бөктеріне бірге білім қуып барған өзі секілді бәйдібектік талантты жігіттермен бірге ауылға оралады. Аудан орталығы Шаян ауылындағы мәдениет үйіне жұмысқа кіреді. Ұстаз аманатын арқалап, ауылға қайтқан Бауыржан өзімен-өзі бұйығы тіршілік кешіп жатқан ауыл өміріне сән кіргізді. Жастық жалын мен жігер кемерінен тасып тұрған жас әртіс үй бетін көрмей, Бәйдібек ауданына қарасты 52 елдімекеннің барлығын аралап, өнер көрсетіп шығады.

– Өте күрделі саналатын цирк өнерін үйрену екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені бұл саланың қай жанрын алып қарасаң да, әрқайсысы өз алдына бір төбе, – дейді ол.

– Біздің ұжымда жас балалар. Сондықтан оңайырақ деген нөмірді қою үшін оларды бірталай трюкке үйретуіміз керек. Әрине, оның әрбірі уақытқа байланысты. Ал үйрену де оңай емес. Үйренуге ниет білдірген балалармен жұмыс жасауда қырағылық керек. Бір сөзбен айтқанда психолог болуға тура келеді. Дегенмен, олардың сахнада жарқырағаны маған шабыт береді.

Негізі цирк колледждерінде акробатика, жонглер, би, клоунада секілді түрлерінің өз мұғалімі болады. Ал, ауылдағы үйірмеде Бауыржан барлығынан өзі сабақ беріп жүр. Оның мақсаты -- қазақ цирк өнерін ауылда дамыту. Басқалардың трюктарын қайталап емес, ерекше нөмірлер ойлап шығарғысы келеді. Бауыржан бұл салаға жеті жасында келіп, содан бері талайларды таң-тамаша етіп жүр. Енді мына қызықты қараңыз. Бауыржанның туған бауыры Нұржан да цирктен алыс емес. Бүгінде ауылдағы үйірмеге Нұржан Бекберген жетекшілік етеді. Өйткені Бауыржан Шымкент қаласындағы «Оңтүстік-циркте» еңбек етуде.

Қызығы сол, Нұржан мырзаның тұла бойы тұңғышы Ерасыл ағасы мен әкесінің жолын қуып, екі жасынан бері «Балаусаның» белді мүшесі атанып келеді. Тәй-тәй басып, аяғына енді тұрған бүлдіршіннің циркке қызығуы, ағасының жасаған трюктарын қайталауы туған-туыстарын қатты қайран қалдырған. Содан бері төрт жыл өтті. Кішкентай Ерасыл қазір кәнігі цирк әртісі.

Нұржан БЕКБЕРГЕН: -Ерасыл телефон мен компьютерден менің, ағасының жаттығу залындағы іс-қимылдарымызды тамашалап отырады екен. Сөйтіп оны қайталауға тырысып, қолын сермеп, аяғын көтеріп бірдеңелер жасаған болады. Онысына барлығымыз күлеміз. Бұл қылығы бір күні тоқтайтын шығар десек, қайта үйдегі жеңіл заттарды шамасы келгенше көтеріп, кішкентай доптарын екі қолымен аспанға лақтырып, әлекке түсіп жүруді шығарды. Үй ішімізбен мұны тума талант деп түсініп, жаттықтыруды қолға алу керектігіне бірауыздан келістік. Атасы мен апасы да қарсы болған жоқ.Осылай үш жасында үлкен сахнаға Бауыржан алып шықты.

Бір күні «Оңтүстік цирк» мекемесінде өнер көрсететін болды. Біз Ерасылды ауылдан Шымкентке алып келуіміз керек еді. Ауыл мен қаланың арасы үш сағатқа жуық. Жол болған соң аздап кешігу де болады ғой. Қанша тырыссақ та дәл мерзімінде үлгермедік. Анда бауырым отыр асығып. Оған себеп те бар. Біз бірінші болып өнер көрсететін едік. Телефонға тыным жоқ. Жол-жөнекей киімін кигізіп қойдық. Ондағы ойымыз, бізді хабарласа, күткізіп, киініп жатпай сахнаға шығып кету еді. Дайындаған бағдарлама бітуге таяп қалғанда кіріп келдік. Бауыржан өнер көрсетіп жатыр, жан-жағына жалтақтап, Ерасылды іздеп тұрғаны байқалады. Баламызды асығыс сахнаға жібердік. Қобалжып тұрмыз. Ол болса, еш саспастан күндей жарқырап, томпаңдай басып ағасының қасына тұра қалды.  Қалың көрерменнен қорықпады да. Биіктен де тайсалмады. Өз рөлін жоғары деңгейде алып шықты. Міне, содан бері екеуінің жұбы ажыраған емес. Тіпті ағасын «әке» деп атап, жанынан бір елі қалмайды, еліктейді. Баламның қазір жасы алтыда. Биыл мектепке барды.

Жуырда ғана Бауыржан еңбек етіп жүрген «Оңтүстік-цирктен» арнайы шақыртумен жұмыс істеуге кірісті. Дайындықтары қауырт, қаладағы бірқатар мектептерге шығып, өнерін көрсетіп жатыр.Өзіміздің «Балауса» цирк үйірмесіне келер болсақ, бағындырған біраз белес бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге жаңа мүмкіндіктер ашып, өнерімізді дамытуға күш бергендігін айта кеткен жөн. Мәдениет – кез-келген ел өмірінің маңызды бөлігі. Біз мәдениетті дамытуға цирк жанры арқылы өз үлесімізді қосуға барымызды саламыз. Қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жатқан жандар баршылық. Ауылдың кәсіпкер азаматы Ерболат Мырзабеков ағамыз «Хундай Старекс» микроавтобусын сыйға тартты. Бірнеше рет демеушілік жасап, қаржыландырып та тұрды. Ауылдағы Ғани Мұратбаев атындағы мектеп ұжымына, директоры Қалыбек Спабеков мырзаға, аудандық мәдениет және тілдерді басқару бөлімінің басшысы Ерғали Есмырзаевқа, Ерекең бастаған өнерпаздарға да көп рақмет айтқымыз келеді.

Икемі мен ебі бар Айтбек Зиятбек, Мағжан Кәміләліұлы, Нұрбақыт Балтабай, Дияр Ниязбек, Әділет Әсіл есімді дарынды балаларымыз қиын саналатын аккробатика, сальто, шпагат, катушка тағы біршама түрінен өнер көрсетіп жатыр. Жаттығу кезінде құлап, жарақат алып тіпті аяқ-қолдарын да сындырып алады. Жігері жасымаған шәкірттеріміз төзімдері мен қызығушылықтарының арқасында қазір үлкен жүлделерге ие болып жүр.

Біздің құрамда гимнасшы қыздар да бар. Әсел Нәби, Қарақат Төрешбек, Аида Мамырхан, Нүрила Әзімбайқызы, Тоғжан Рахымбек пен Әлия Іскендірлер әдемі іс-қимылдарымен арамызда топ жаруда. Айтпақшы, Айтбек пен Мағжан ұстазы Бауыржанның қасында, «Оңтүстік-циркте» еңбек етіп, біздің мерейімізді үстем етуде.

Қанда бар қызық өнерді серік еткен екі ұлы мен кішкентай немересінің тілеуін тілеп отырған Бақыт апаның да айтары бар екен.

Бақыт ДАНИЯРОВА, Ерасылдың апасы:

– Бала – бақытымыз. Олардың әр жетістігі ата-ана, туған-тусының абыройын көкке көтереді. Менің ұлдарым дарынды, қыздарымнан туған жиендер де өнерден құралақан емес. Жолдасым Бейсалы өте талантты суретші. Мен тігіншілікпен айналысамын. Біздің отбасыны жан-жақты әмбебап десе де болғандай. Әрбірінің өз жанына серік еткен өнері бар.

Марқұм Жандарбектің бастамасын Бауыржанның жалғастырамын дегені мені қатты толқытты. Риза болып, батамызды бердік. Ісі дұрысталып, жанына балалар жинақтай бастағанда ауыл тұрғындарының қуанғанын көрсеңіз ғой. Үлкен жаңалық еді бұл бүткіл ауыл үшін.

Ал Ерасылымның дәл осы салаға жақын болуы оған қанмен дарыса керек. Оның алғаш рет сахнада өнер көрсеткенінде қобалжып, тақымымды қысып отырдым. Әлі де солай. Балапаным қалаға кеткелі жанымды шүберекке түйіп жүремін. Қасында әрі аға, әрі әкесіндей болып Бауыржан жүрсе де, жүрегім елжіреп, уайымдай беремін. Бірақ оны елеп жүрген Ерасыл жоқ. Талабы таудай. Ұмтылысы күшті. Осы үш жылдан бері сахнада келе жатыр. Оның ешбірінен жүлдесіз оралмады. Қанжығасы майланып келеді мәз болып. Алла әркез қолдап, тіл-көзден сақтаса екен деп тілеуін тілеп отырамын. Аман болсын.

Ал, Ерасылдың өзі не дейді? Қазір ол нені армандап жүр?

– «Екі жасымда циркке қызықтым. Үш жасымнан бері сахнада әкешім екеуміз акробат, мост жасап жүрміз. Өскенде үлкен «циркач» боламын. Жақында Алматы қаласына барып, сондағы балаларды таңқалдырғым келеді. Нұрсұлтан Назарбаев атаммен де танысып, ол кісіге өнерімді көрсетсем деймін. Сосын шет елдерге шығып, саяхаттап, өзім жақсы көретін катушка, мостымды бұдан да күшті білгім келеді. «Дара бала» бағдарламасына қатысуға көмек беріп жібересіздер ме?, – деп барлық арманын саусағымен санап, бізге былдырлай ұсыныс та айтып үлгерді жас өнерпаз.

 Тәтті қиялы мен өнерге ғашықтығына риза болысып, тіліміз тасқа дестік. Армандаған адамның мақсаты орындалады, өмірінің мағынасы артады емес пе? Шағын ғана Шақпақ ауылынан бастау алған бұл цирк үйірмесінің табан ақы, маңдай терімен жеткен жеңісі өте көп. Аз уақытта ізбасарлар даярлап, жұлдызын жағып келе жатқан өнер ұжымына тек сәттілік серік болсын деп тілек білдіреміз.

Дана МЕДЕУОВА.

Суреттер Бекбергеновтер отбасылық архивінен алынды.