Гүлара ұстаздың өнерлі өрендері

 Қазіргі заманғы бастауыш сынып мұғалімін кәсіби даярлау мұғалім бойына уақыт талабына сәйкес математикалық, тілдік, психологиялық-педагогикалық және әдістемелік білімдер жиынтығын қалыптастыру болып табылады. Бастауыш сынып мұғалімі – оқушы қабілетінің іргетасын қалайтын бірден-бір жан. Ал, жалпы орта мен кейінгі арнайы білім ғимаратының мықтылығы осы іргетастың беріктігіне тәуелді, бастауыш сынып мұғалімі даярлығының ерекшелігі де, міне, осында. Бастауышта оқу мен тәрбие жұмысын дұрыс қалыптастыру төменгі сынып оқушысының жалпы даму мүмкіндіктерінің потенциалын ашады.

Баланың білімге құштарлығын оятуда өзіндік із салып жүрген ұстаздардың бірі – Қалиева Гүлара Ибрахимқызы. Ол Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы №10 жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады. Бүгінгі таңда білікті ұстаз – 2 «Ғ» сынып оқушыларының жетекшісі. Гүлара Ибрахимқызы 1993 жылы Хожелі педагогикалық училищесін бітірді. 2008-2012 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінің педагогика және психология мамандығына ие болды. Еңбек жолын №11 орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі қызметінен бастаған. 2016 жылдан бері Батыр ауылындағы №10 орта мектепте істеп келеді.

 

«Ел есінде бір жыл қалғын келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле», - дейді халық даналығы. Гүлара үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол - ұстаздық. Сондықтан ол осы саланы таңдап, еңбек етіп келеді.

--«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма 12 жылдан аса уақыт болды. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым - үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетуіне негіз қалау, -- дейді Г. Қалиева.

--Бастауыш сыныптарды оқыту барысында интерактивті модульдік технологиялардың әдісін қолданамын. Келешекте өз әдістемелік технологияларым мен сабақ үйрету шеберлігімді жетілдіру үшін мынадай жұмыстар жүргізу қажет деп білемін. Ол үшін үздіксіз біліктілігімді көтеріп отыру, арнайы әдебиеттерді оқу, оқытудың жаңа әдістері мен технологияларын ендіріп отыру, өзіндік сараптама жүргізу арқылы ұстаздық шеберлікті жетілдіру қажет деп есептеймін.

Гүлара баланың бүгінгі қабілетін дәл анықтау, мүмкіндік пен шындық арасындағы қатынасын айқындау, оларға үнемі дем беріп отыруға айрықша көңіл бөледі. Өйткені, ол жалаң ғылыми педагогикадан көрі балаға жақын, оқушы мен мұғалім арасындағы тығыз қарым-қатынасты дамытуды дұрыс көреді. Педагогикалық қызметінің бір бағыты шәкірттерімен еркін байланыс орнатып, олармен ересек адамдарша түсіністік орнату деп біледі. Сонда бала тереңнен ойлай біледі, көп дүниені түйсіне алады. Соның нәтижесінде ыныптағы ұл-қыздары да шетінен өнерлі. Әнді де айтады, биді де билеп береді. Әлі кішкентай болса да өлең шығарып, ақындыққа құмартып жүргендері де бар арасында.

Солардың бірінің шығармашылығымен бөлісе кетейін.

 

«Әже» деген тақырыппен Інжі Бибол былай деп жырлайды:

Сағындым әже өзіңді,

Мейірімді көзіңді.

Ертегіңді сағындым,

Әсермен айтқан кезіңді.

Демалыс келсе енді,

Іздеп барамын өзіңді.

«Шала ұйқас болса да, бұл өлеңнен баланың әжеге деген сағынышы, шексіз сезімі, мейірімді әжесін әдемі суреттеуі бейнеленген. Қай кезде де балақайларымды қолдап, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру жолында еңбектене беремін», - дейді Гүлара Калиева.

Гүлара мұғалімнің білім саласына қосқан үлесі үшін алған жетістігі аз емес екен. Тоқталып өтсек, республикалық деңгейде өткен Кио/сертификатының иегері, сондай-ақ Халықаралық Білімділер порталынан мадақтама, «Ustaz tilegi»-нен «Алғыс хат», Tio.kz. Құрмет грамотасын жеңіп алған. Аудандық байқаулардың да жеңімпазы атанып, білім бөлімінен «Алғыс хатқа» қол жеткізген.

Тәлім мен тәрбиеге барынша жауапкершілікпен қарайтын маманның шәкірттері де бірінен-бірі өтеді. Мектеп табалдырығын өткен жылы ғана аттаған бүлдіршіндері бір жылдың ішінде жақсы жетістікке қол жеткізіпті. Нұржан Тенгелов, Нұрдаулет Темірбеков, Асылжан Нұрғожа, Ерқосай Адурозақ, Айдана Жомартқызы, Меруерт Аяпова, Жанерке Мектепбай, Ғазиз Алдамжаров, Арман Садыков, Әлия Кынжалова, Елдос Баймұқанов, Айнұр Бисенғали «Тіо» қашықтық олимпиадасына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Шәкірттерін жан-жақты ойлауға, өнерлі етіп баулуға күш салып жүрген Гүлара Ибрахимқызы сыныбымен аудандық семинар өткізіпті. Одан бөлек «Әке – асқар тау» тақырыбында ұйымдастырған ашық сабағы көпшілікке ұнады. Өйткені отбасындағы әке рөлі, әкенің қадір-қасиеті мен қамқорлығы жөніндегі пікірлер мен дәйекті мәселелер әрбір жанды бей-жай қалдырмайтын тақырып. Осы ашық сабақта өздері бірінші сынып оқыса да белсенділік көрсетіп, асқар таулары туралы ойларын, сезімдері мен қарым-қатынастарын еркін жеткізе білді.

Бастауыштың бір ғана сыныбы осындай жеңістерден көрініп жатқан бұл мектептің өз биігі де баршылық. Кілең дарындар мекеніне айналған аталмыш мектепті өңірде «қарашаңырақ» деп те атайды екен. Міне, осылай ұжымды ұйымдастырып, білім ордасының талай белестерден көрінуіне ықпал етіп отырған мектеп директоры Құралай Нұрманованың еңбегі өлшеусіз. Заманауи білім ұясының бірлігін арттырып, берекесін тасытуда директордың орынбасары Маруза Джумабекова аз үлес қоспады.

Жоғары санатты педагогтар шоғырланған білім ұясы алдағы уақытта бірталай жоспарлар құрып отыр. Сол мақсаттың орындалуы жолында мектептің әрбір қызметкері қалтқысыз еңбек ететініне сеніміміз мол біздің.

 

Гауһар ӘБІЛДАЕВА.