МЕКТЕБІМ МЕНІҢ, МЕРЕЙІМ МЕНІҢ

Адам өмірінде алғашқы білім ұясының орны бөлек. Есейіп кетсең де алғашқы ұстаздарың, бірге өскен достарың, алтын ұя – мектебің, сол жерде алған тәлім-тәрбиең ешуақытта ұмытылмай бір бүйіріңді қыздырып тұратыны анық.

Бұл мектеп халқымыздың рухани оянуына себепші болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қарсаңында ашылды. Қазақ - өзбек мектебі болып құрылған бұл білім ұясына 1986 жылдың бірінші тамызында 1256 оқушы қабылданды. 126 мұғалім сабақ берді. Алғашқы мектеп директоры болып ұлағатты ұстаз, білікті басшы Сарманов Мырзахмет Сарманұлы тағайындалды. Ол мектеп ұжымын 22 жыл бойы басқарып, абыройлы еңбек етті. Бұрын мектебіміздің аты Октябрьдің 70 жылдығы құрметіне қойылған еді. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып жарияланған соң бұл атау өзгертіліп, 1993-1994 оқу жылында мектепке екі мәрте Кеңес Одағының батыры, қазақтың бір туар азаматы Бигелдинов Талғат Жақыпбекұлының есімі берілді.

 

2009-2012 жылдары мектепке Есмұратов Серікбай Балтабайұлы басшылық етті. Бұдан соң бір жарым жылдай мектепке Асылбекова Ақмарал, ал, 2013 жылдың 12 қарашасынан бастап Мирзагулов Базарқұл Шүкүрқұлұлы басшылық етуде. Бүгінде "Балапан " бағдарламасы бойынша мектеп жанынан "Ұлпан" шағын орталығы жұмыс істейді.

Мектепте жаңашылдық пен іскерлік, шығармашылық ахуал жақсы қалыптасқан. Қазіргі таңда мектепте 800 оқушы білім алуда. Мектептің оқушылары мен ұстаздар қауымы облыстық, қалалық, аудандық деңгейде өткізілетін түрлі байқаулар мен іс - шараларға белсене қатысып тұрады. Мәселен, мектеп басшысы Мирзагулов Базарқұл жас ұрпаққа баянды білім, тағылымды тәрбие берудегі еңбегі үшін 2016 жылы "Үздік ұстаз" төсбелгісін кеудеге тақты. Ал, 2018 жылы білім реформаларын жүзеге асыру, жаңашылдық пен инновациялық идеяларды кеңінен насихаттау мақсатында Астана қаласында өткен республикалық байқауда "Үздік директор - 2018" атты төсбелгісіне ие болды.

Сондай-ақ, математика пәні мұғалімі ретінде мен де мектеп жетістігіне өз үлесімді қосып келемін. 1918 жылы Ян Амо́с Ко́менскийдың төс белгісін жеңіп алдым. Биыл "Қазақстан - Ресей: шекарасыз ғылым" - атты IV Халықаралық ғылыми - практикалық конференциясына қатысып, дайындағын ғылыми жұмысымыз І орынға лайық деп бағаланды. Осы жылы өткен "ХХІ ғасырдағы оқытудың тиімді дағдыларын қалыптастыру: мұғалімдердің инновациялық Білім беру технологияларының тәжірибесімен алмасу" атты ІІІ Республикалық ғылыми - практикалық конференциясы да мен үшін табысты болып, І дәрежелі дипломмен марапатталдым. Сондай-ақ, қоғамдық өмірдегі белсенділігім үшін «Халықаралық экологиялық, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы» Қоғамдық Қоры тағайындаған «Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы» мерейтойлық медаліне ие болдым.

Жалпы, біздің мектеп ұжымы үшін 2019 жыл табысты болғанын атап айтқан жөн. Әсіресе, мектеп оқушыларының белсенділігі артып келеді. Мәселен, мектептің оныншы сынып оқушылары Пернебай Сүндет пен Маханов Нұрдәулеттің ғылыми жұмыстары "Қазақстанның болашағы жастардың қолында" атты ХХХХVI Республикалық ғылыми - практикалық конференциясында "ЖАС ҒАЛЫМ" номинациясы бойынша І орын биігінен көрінді.

Ал, мектеп оқушылары мен студентерге арналған «Қазақстан - Ресей: шекарасыз ғылым» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына және «Қазақстан – Польша» Халықаралық ғылыми - практикалық конференциясына қатысқан Оңғар Әділеттің (10 сынып) ғылыми жұмысы да жоғары бағаланып, І орын алды.

Биыл Астана қаласында 1-10 сыныптар аралығында өткен «Олимпиадалық слет» байқауына 31 оқушы қатысып, басым көпшілігі І дәрежелі дипломмен марапатталды. Олардың арасында 1 сынып оқушысы Орынбасар Жақсылық, 6 сынып оқушылары Пернебай Диана, Мұрат Мұхамедияр, Сатыпалды Нұрболат, Бабахан Әмина, Кахарман Жанерке, Абдумуталипова Әсемай, Тәңірберген Үміт, Исабай Еркежан. Сембек Ақайша, Әшірхан Жанель, Серікбай Нұрила, Сүндет Ерасыл, Мырзақұл Диас, Серік Дарын, 10 сынып оқушылары Қалдархан Аружан, Елеусіз Аида, Маханов Нұрдәулет және т.б. бар.

2019 жылы, сондай-ақ, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай өткізілген байқауға 10 сынып оқушылары Оңғар Әділет пен Маханов Нұрдаулет шақырылып, олардың ата-наларына «Алғыс хат» берілді.

Жуырда желтоқсан айында Түркістанда "Ұлттық тәрбие -- жалпыадамзаттық құндылық" тақырыбында қалалық семинар өтті. Семинардың мақсаты "Адамзаттың асыл мұраты, мәдениеті мен білімі ретінде қаралатын жаңа ғасырдағы, ертеңгі ел болашағы жас ұрпақты жастайынан ізгілік пен мейрімділікке, қайрымдылыққа адамгершілік атты ұлы қасиеттерді бойына сіңіріп, сенімділікке тәрбиелеу" болатын. Биология пәнінің мұғалімі Утебаева Меруерт "Ұлттық тәрбие - ұлт болашағы" атты іс-шара аясында халқымыздың әдет - ғұрып, салт - дәстүрі арқылы оқушылардың бойында асыл да адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға арналған көрме ұйымдастырды. Технология пәні мұғалімі Телібаева Қаламқас "Анамнан дарыған кәсібім" атты сыр сұхбат өткізді. Математика пәні мұғалімі Эганбердиева Ақбота "Білімді ұрпақ - ұлт болашағы" атты жарыс-сабақ , дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Орынбетов Манап "Әкелер біздің мектепте" атты танымдық ойын ұйымдастырды. Бастауыш сынып жетекшісі Кесікбаева Қарлығаш "Ұлттық тәрбие - ұлт болашағы" сайыс сабақ өткізді.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М.Базарқұлов 2019 жылдың қорытындысы бойынша терең білім, үлгілі тәртібімен дараланып, мектеп өмірінің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытқаны үшін 11 сынып оқушысы Оңғар Әділет "Жылдың үздік оқушысы - 2019" Дипломмен марапатталды.

2019 жылдың желтоқсан айында 11 сыныптар арасында "Тәуелсіздік - Желтоқсанның жемісі" атты ашық тәрбие сағаты өтті. Оның мақсаты Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының себеп - салдарын және тарихи маңызын, мәнін ашу болды. Ол болашақ ұрпақты Желтоқсан оқиғасының құрбандарын мәңгі есте сақтау және оның тарихи маңызын түсінуге, Отанның адал азаматтары болуға тәрбиелеу мақсатын көздеді. Тәрбие сағатына мектеп директоры Мирзагулов Базарқұл, Желтоқсан оқиғасының куәгері Жапеков Жеңісбек Бижанович, бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тұрлыбекова Замзекул, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Тобақабылова Тұрсынай, Ибраева Гүлмира құрметті қонақ ретінде қатысты.

Қазақ елі үшін 16 желтоқсан – ерекше күн. Ол – ата-бабамыздың ғасырлар бойы күрескен арманының орындалып, жасампаздықтың жаңа белесіне бастаған Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге биыл 28 жыл толып отыр.

Тарихқа көз жіберер болсақ, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Өткен ғасырлардағы азаттық жолындағы көтерілістерді еске алмағанның өзінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында аланға шыққан жастардың ерік-жігерінің өзі неге тұрады! Патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едеуір бөлігін қамтыды. Бірақ олардың бәрі аяусыздықпен басып-жаншылды. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі.

Сонымен, өз ойымды қорытындылай айтсам, біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік. Енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп қастерлей білуіміз керек. Оның халқымыздың әл ауқатын жақсартуға, экономикасын ары қарай көтеруге, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуы үшін және демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында аянбай еңбек ете беруіміз қажет. Ал, осындай отаншылдықтың негізі мектептен басталады. Әр азаматтың мерейін асырар биік тұлғасы қашанда мектепте қаланатыны шындық қой.

Ақнұр КЕМЕЛБЕКОВА,

Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінің

математика пәні мұғалімі.