Қазығұрт – Қазық жұрт

ТҰЛҒАЛАР «ҚАЗЫҒҰРТ – АЛТЫН ҚАЗЫҚ»  БЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

 

«Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының «Қазығұрт – Алтынқазық» арнайы белгісі кезекті рет салтанатты жағдайда лайықты тұлғаларға табысталды. Қордың арнайы құрылған комиссиясының шешіміне сәйкес бұл жолы аталған марапатқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист, жазушы, кино сыншы, аудармашы Сауытбек Абдрахманов, «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әкімшілік басқарушысы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Жеңісбек Мәуленқұлов және Шымкенттегі «Қуат жылу орталық-3» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры, меценат, әдебиет жанашыры Пердебай Сәбитов ие болды.

 

 

 

Аталған қоғамдық қордың марапат иелеріне киелі мекендерді аралатып көрсету дәстүрі бар. Қалыптасқан осы дәстүрге сәйкес қордың президенті Байдулла Қонысбек, директоры Жарқынбек Төлтебай, жазушы, қоғамдық қордың қамқорлық кеңесінің төрағасы Мархабат Байғұт бастап Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановты Төлеби ауданындағы Әңгірата ауылының маңында орналасқан Ғайып Ерен, Қырық Шілтен әулиеге апарды. Мұнда құрметті қонақтарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұмабай Әбдиев құшақ жая қарсы алды. Алдымен сондағы  қасиетті үш (Шұрық, Көз, Өңеш бастаулар) бұлақтың тоғысқан тұсынан су ішіліп, Құран оқылды. Естелікке суретке түсті. Мұнан соң арнайы жайылған дастархан басында таудың балдай тәтті сары қымызынан дәм татып, сүт пісірім уақыт әңгіме-дүкен құрды.

 

 

Ары қарай ынталы топ Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс баурайында орналасқан «Ақбура әулие» кесенесіне жол тартты. Мұнда да қонақтарды Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров бастаған аудандық мәслихаттың хатшысы Өрісбай Көпеев, аудан

әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Абай Серкебаев арнайы қарсы алды. Алдымен Ақбура (азаң шақырып қойған есімі – Ақтамберді-авт.) әулиеге дұға бағышталды.

Мұнан соң қонақтар өздеріне арнап Қ.Әбдәлиев ауыл округінің әкімі Оразхан Қазыбаевтың ұйымдастыруымен Қазығұрт тауының Атбұлақ елді мекенінің тұсындағы белде арнайы тігілген алты қанатты ақшаңқан киіз үйге келді. Қашанда қонажайлылығымен ерекшеленетін қазығұрт-тықтар бұл жолы да ата дәстүрден айныған жоқ. Төрт туырлықты қазақтың үйінде құрметті қонақтарға бас тартылды. Қасиетті таудың баурайында бие сауымдай мезгілге жуық уақыт жақсы, әсерлі, танымдық әңгімелер айтылды. Соңынан қонақтар өздеріне қазақтың дархан пейілімен қызмет көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.

Түс ауа ынталы топ Шымкент қаласына қайта оралды. Екінті уақытынан аса үшінші мегаполистегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Нұрсұлтан Назарбаев» орталығында тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында «Қазақ рухының шыңы – Қазығұрт!» атты тақырыпта басқосу ұйымдастырылды. Оған ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. 

Аталған басқосуды «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның Құрметтіжурналисі Байдулла Қонысбек жүргізіп отырды. Байдулла ағамыз басқосуға келген көпшілікті қордың мақсат-міндеттерімен таныстырып өтті. Қазығұрт тауының қазақ, қала берді жалпы адамзат тарихында алар орны туралы, сол қасиетті таудың атымен аталатын арнайы белгінің кімдерге және не үшін берілетіні жөнінде әңгімелеп берді. Осыларға байланысты қоғамдық қордың тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

 

Мұнан соң марапат иелеріне «Қазығұрт – Алтын қазық» арнайы белгісін табыстау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Қоғамдық қордың президенті Байдулла Қонысбек, директоры Жарқынбек Төлтебай, қоғамдық қордың қамқорлық кеңесінің төрағасы Мархабат Байғұт ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановқа «Қазығұрт – Алтын қазық» белгісін, оның сертификатын және «Қазығұрт – Алтын қазық» медалі мен оның куәлігін табыстады. Халық қалаулысы: «Адам өзінің туған жерін мына әлемнің кез келген басқа жерінен артық көреді. Қу медиен шөлдегі құм суырған мекен болса да, бәрібір. Ал, егер ол әрқазақ, бар қазақ мақтан тұтатын қасиетті Қазығұрттай жер болса, тіпті керемет» деді. Сондай-ақ, Сауытбек Абдрахманұлы Қалағаңның (Қалтай Мұхамеджанов-авт.) «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген сөзін айта келе, қандай қиын кезде де халқымыздың ділін, дінін, тілін сақтап, қазақтың басын біріктіріп отырған ынтымақшылдығы, ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған ұлағатты өңірді, өзінің осындай туған жері барын мақтан тұтатынын айтып, марапат үшін зор ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, аталған белгі педагогика ғылымдарының докторы Оңалбай Аяшевқа да табысталды. Бар саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз, есімі елімізге белгілі ғалым алғысын айтып, алдағы уақытта өскелең ұрпақты тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарын жандандыра түсетінін тілге тиек етті.

Кезінде өңірде бірқатар лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде Түркістан облыстық ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп отырған Жеңісбек Мәуленқұлов та өзіне берілген марапат үшін алғысын айтып, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының жұмысының ауқымын бүгінгіден де кеңейте түсу керек деген ұсынысын жеткізді.

Ал, «Қуат жылу орталық-3» МКМ-нің директоры Пердебай Сәбитов те алған марапатына алғысын білдіріп, еліміздің жағдайы күн өткен сайын ілгерілеп келе жатқанын энергетика саласындағы нақты мысалдарды келтіре отырып көпшіліктің көзін жеткізе білді. Сонымен қатар өзінің мамандығы энергетик бола тұра қазақтың қабырғалы һәм қайраткер қаламгері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романынан үзінді жатқа оқуы басқосуға келушілердің қай-қайсысын да тебірентпей қоймады. Әдебиет жанашырының бұл қыры залда отырған студент жастарға үлгі-өнеге болды десек, артық айтқандық емес.

Келелі жиын соңында аталған университеттегі филология факультетінің деканы, белгілі айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова марапат иелеріне өлең арнаса, ал, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының директоры Жарқынбек Төлтебай:

Шыңға қарай шаршамай өрлеген де ер,

Шындық жайлы жазылсын шерлі өлеңдер.

Қазақпын деп мақтанып айта алмайды,

Қазығұртқа бір шығып көрмегендер, – деп өлеңнің бір шумағын оқып, басқосуға келушілерге, әсіресе жастарға Қазығұрт тауына шығуға кеңес берді. Өйткені, қазақ рухының шыңы – Қазығұрт!   

 

Ербол ЕРМЕНТАЕВ.

Суреттерді түсірген:Айгерім ЖОЛДАСОВА, Қасым ШОЙЫНБАЕВ, Амантай ТӨЛТЕБАЙ.