ЖЕҢІСКЕ ҚҰМАР ӨРЕНДЕР

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Білім атты теңізде еркін жүзіп, толқынға ұрылмай, ескегі сынбай тұнық білім бере білетін мектептер қазір өңірімізде баршылық. Сұранысқа ие мұндай білім ұяларының бірі – Шымкент қаласындағы №83 жалпы орта мектебін айтуға болады. Заманауи үлгіде бой көтерген бұл мектеп 2008 жылы қолданысқа берілген. Ел игілігі үшін жұмыс бастаған білім ордасы он жылда іргелі оқу орнына айналып, өзгелердің алдында келеді. Бүгінде білім ордасын үздік педагог, білім саласының шынайы жанашыры Михеев Берікбай Елтайұлы біліктілікпен басқарып келеді. Қазіргі таңда мұнда 2300-ден аса шәкірт білім алып, тәрбиеленуде.

Қазіргі заман талабы – баланың жан-жақты болып өсуін, қоғамға тез сіңісіп кетуін талап етеді. Ол үшін балаға мұғалімнің тигізер ықпалы орасан. Алдына келген шәкірттің жұлдызын жағып, өнерлі, дарынды етіп тәрбиелеу кез келген ұстаздың қолынан келе бермесі де анық. Инемен білім құдығын қазып, баланың санасына сіңіріп, барын беру деген үлкен қасиет. Осындай қасиеті бар мұғалім ғана оқушысының қабілетін жарқырата алады емес пе?

Мектепті кеше аттаған бүлдіршінмен тіл табысу, оның жүрегінің кілтін табу оңай емес. Бұл міндетті бастауыш сынып мұғалімдері табанды еңбекпен ғана еңсере алады. Төрт жылда бір осындай сынақпен кездесетін бастауыш сынып мұғалімдерін кең жүректі деп айтсақ, артық болмас сірә. Әр баламен байланыс орнатып, мінезін танып, құшақ ашатын да осы саланың ұстаздары. Өздері кіп-кішкентай ғана балақайларға зор жауапкершілікпен бойындағы барын өз туған перзентіне арнағандай етіп, қарап, мәпелеп жүрген білікті мамандардың бірегейі, 31 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз - Баян Жәнібекова.

Білім саласына елеулі үлес қосып, ғұмырының жартысын арнаған Баян  Жүзболатқызы бүгінде 2 «А» сыныбына жетекшілік етеді. Бұл сыныпта 13-13-тен әдемі, тәртіпті әрі тәрбиелі шәкірттерден 26 оқушы бар. Оқушылар сыныпқа кірген қонаққа иіліп сәлемдесіп, өз өнерлерін жарыса ортаға сала бастайды. Балақайлар небарі 2-сыныпта оқыса да сахна мәдениетімен танысып үлгеріпті. Өздерін сахнада барынша еркін ұстап, әр мерекеге арналған киімдерін тап-тұйнақтай етіп киіп шығып, әнді де айтады, биді де билейді. Томпаңдаған балалардың бірінен соң бірі көркем өлең оқуы,  жүрекжарды ақ тілектерін жеткізуі кім-кімді де сүйсінтпей қоймайды-ау сірә. Өнерді қазірден түсінген бүлдіршіндердің білімі де осал емес екен. Облыс көлемінде өтіп жүрген түрлі зияткерлік байқауларда сыныптың үздіктері оза шауып, жетістікпен оралады.  Мектепішілік сайыстар мен спорттық жарыстарда да 2«А» сынып белсенділік танытып, марапатталды. Жеңіске құмар, жетістікке жетуді әзірден үйренген балақайлардың әрбір қылығынан тәртіптілікті аңғаруға болады. Осы сыныптың оқушысы Миррахмедова Минеля  2018 оқу жылында Шымкент қаласында Л.Тәжиева атындағы №4 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі біріншілігінде І-орынға ие болып, медаль иеленді. Сондай-ақ, Жұмабек Санжар республикалық «Бәйтерек» зияткерлік сайысында І-орынды еншілеп, «Бәйтерек» медалімен марапатталса, «Ақ желкен» лингвистикалық зияткерлік сайысында да І-орыннан көріне білді. Дәл осы «Ақ желкен» байқауында Қахарманов Айдар мен Жұбанышов Нұрбол да біріншіліктің жеңімпазы атанды. Түймұрат Кәусар, Мирахмедова Минеля, Ерубай Бақберген есімді балақайлар ІІ және ІІІ-орындарды еншіледі. Республикалық «Бәйтерек» зияткерлік олимпиадасында Жұбанышова Азиза, Асилбекова Әсель ІІ-орыннан көрінді. Ал, Сейт Сұлтан, Ибрагим Әмірхан, Қыдырәлі Қарақат, Манап Аянат ІІІ-орын алды.  Сонымен қатар Жұбанышов Нұрбол, Әбілдахан Абылайхан «Эко Болашақ» жобасында көптен озып, алғыс хатпен марапатталды.

Қазақтың Жаңа жылы – Наурыз мерекесіне орай «Балаларым, рахмет сендерге» атты қалалық семинар өтіп, оған қатысқан Асилбекова Әсел топ жара білді. Бүлдіршін белсенділігі үшін, ал оның анасы Дүздыбаева Гүлнар бала тәрбелеудегі, мектеппен қоян-қолтық жұмысы үшін алғыс хатпен марапатталды. Бұған дейін де Әсел республикалық бастауыш сынып оқушылары арасында өткен олимпиада да диплом иеленген болатын. Бұл сыныпта әнші, бишіден басқа суретші балалар да жетерлік. Атап өтсек, Сапарбай Асел, Халибек Мағауия, Жолдасбек Айшалар түрлі өнерлерімен көзге түсуде. Бұл жетістіктержан-жақты маман Баян Жәнібекованың үлкен жұмысын көрсетсе керек.

Міне, «шәкіртім озсын», «білімімен жарқырасын» дейтін  ұстаздың өз дәрежесі де бар.  Жылдар бойғы тәжірибелерін республикалық, облыстық, қалалық  ауқымды семинарларда бөлісіп, алғыс хаттар мен көптеген дипломдарға қол жеткізді. Мектепке келген жас буын мамандармен пікірлесіп, білгенін үйретуге уақыт арнап жүрген білікті ұстазды қалай мақтасақ  та жарасады.

Біз бүгін өзін өзі үнемі жетілдіруден жалықпайтын, ізденуге құмар ұстаз еңбегінің бір парасын ғана мақаламызға арқау етіп отырмыз. Себебі, Баян Жүзболатқызы  тәрбиелеген шәкірттер әлі де талай белестерді бағындыратынына сеніміміз мол.

Дана МЕДЕУОВА.